Соңғы жылдары жеке мектеп дамуы жаңа серпін алды. Өткен жылы елімізде 70 жеке мектеп ашылды. Қызылорда облысының өзінде 7 жеке білім ошағы жұмыс жасауда.
Бүгінгі күні мектеп әлеуметтік нысаннан гөрі тұрақты табысы бар бизнес жобаға айналды. Мемлекет әлемдік оң тәжірибеге сүйене отырып, жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігін енгізу арқылы бұл салаға жеке кәсіпкерлерді тартуда. Бұл кәсіпкерге де, мемлекетке де тиімді әріптестік.
Мемлекет жеке мектептерді ашуды ынталандыру арқылы оқушы орындарының тапшылығын азайтады, қаржы үнемдейді және білім саласындағы бәсекелестікті арттырады.
Ең бастысы жеке мектептерге сұраныс бар. 2025 жылға елімізде мектептегі оқушы орындарының тапшылығы 474 мың бірлікке жетеді деп жоспарлануда. Білім және ғылым министрлігінің жанындағы қаржы орталығының мәліметінше, 2025 жылға Қызылорда облысында тапшылық 18 мың орынды құрайды. Демографиялық көрсеткіштерге сүйенсек, бұл тапшылық жыл сайын арта түсуде.
Қызылорда облысында заманауи үлгіде жеке мектептер салынуда. Өткен жылы Қызылорда қаласының сол жағалауында 700 орындық «Orda School» мектебі іске қосылды. Қазіргі таңда «Сырдария» мөлтек ауданында 500 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде, «Саяхат» мөлтек ауданында 300 орындық мектептің құрылысы жоспарлануда.
Әлі де болса Қызылорда қаласында 7 мектепте үш ауысымда оқыту қауіпі бар (№2 №3, 101, 261, 264, 268, 280). Осы мектептердегі жүктемені азайту үшін сол аумақтардан жеке мектептерге сұраныс бар.
Жеке мектеп ашқан жеке кәсіпкер қандай мүмкіндіктерге ие болады?
Жан басына шаққандағы қаржыландыру арқылы жеке мектепті салудың немесе реконструкциялаудың негізгі шарттары келесідей:
Бірінші, кәсіпкерлік субъекті жеке мектепті өз қаражаты есебінен салады немесе бар ғимаратын реконструкциялайды.
Екінші, нысан іске қосылғаннан кейін мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылады.
Жаңа мектеп салған жағдайда, мемлекет 8 жыл бойы әр оқушыға жыл сайын орташа 550 мың теңге көлемінде қаражат төлейді.
Ғимаратты реконструкциялап, мектеп ретінде іске қосса, мемлекет 8 жыл бойы әр оқушыға жыл сайын орташа 400 мың теңге көлемінде қаражат төлейді.
8 жыл өткен соң мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жалғастырылады. Жыл сайын білім беру деңгейіне сәйкес әрбір оқушыға орташа 280 мың теңге көлемінде беріліп отырады.
Бұған қоса, кәсіпкер қосымша қызметтер үшін ата-аналардан ақы ала алады. Оның көлемін өзі белгілейді.
Үшінші, мектеп кәсіпкердің жеке меншігінде қалады. Мемлекет оған таласпайды. Бірақ, мектептің нысаналы мақсаты 20 жыл бойы өзгертілмейді.
Төртінші, егер мектеп салатын жер болмаса, мемлекет оған қол жеткізудің және «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы қажетті коммуникациялық жүйелерді жүргізудің мүмкіндіктерін қарастырады.
Бесінші, мектепті жүргізуге қажетті қаражатты «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы 6% мөлшерлемемен 10 жылға дейінгі мерзімге алуға болады.
Жеке мектеп ашу ойыңызда болса, “Атамекен” Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының жобаларды сүйемелдеу бөліміне 40-09-81 телефоны арқылы хабарласып, толық ақпарат ала аласыз.